Мемлекет басшысының Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ұлт саулығын нығайту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын жетілдіру, денсаулық сақтау саласына бөлінген мемлекет қаржысын тиімді пайдалану, оны мақсатты жұмсау, саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету сияқты көптің көкейіндегі мәселелер орынды көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.
Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс» — деп қадап айтты.
Сонымен қатар, Президент еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажеттігін, өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс таппағандығын, мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтыратындығын да жасырмады. Мемлекет басшысы Үкіметке денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуді тапсырды.
Шынында да, білікті медицина мамандарының жетіспеушілігі біздің мұнайлы өңірде де айқын сезіледі. Бұл мәселені оңды шешу үшін, ең алдымен, медициналық арнаулы және жоғары оқу орындарында білім сапасын барынша арттырудың қажеттігі, грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажеттігі де Жолдауда айтылған. Дертіне дауа іздеген науқас жандардың алыс-жақын шетелдерге барудан басқа амалы табылмай тұр әзірге. Жергілікті маман кадрлерді лауазымды жұмыстарға тағайындауға жеткілікті мән берілмейді. Көбіне өзге аймақтардан шақырту үрдіс алып барады. Біреулер үшін Атырау қызметтік мансабының өсуіне қолайлы аймақтай көрінеді. Осы жағын да атқарушы биік басындағылар ескеруі қажет деп ойлаймын.
Майра Кашкенова, «SENІM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы