Кәсіподақ тынысы

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР – СЕМИНАР ТАЛҚЫСЫНДА

Бүгін Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ұйымдастыруымен өзекті мәселелерді ортаға салған семинар өтті.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу-сауықтыру мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, есеп, кадр және заңгер қызметкерлері, әлеуметтік әріптестер – жұмыс берушілер өкілдері қатысқан оқыту семинарын облыстық филиал төрағасы Майра Кашкенова сөз сөйлеп ашты.

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев сөз сөйлеп, еңбек ұжымдарында жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік мәселелерін шешуге мұрындық болып жүрген қоғамдық ұйым – кәсіподақ үшін өте өзекті әрі маңызды мәселелерді талқылауға арналып отырған бұл семинардың қатысушыларына сәттіліктер тіледі.

Облыстың мекеме-ұйымдарында жұмысшылардың еңбекақыға назарлығы, әлеуметтік төлемдерге қатысты дау-дамайлары жиі болмағанмен сиректеру болса да орын алып қалатын жағдайлардың барын ескерген салалық кәсіподақ «Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу тәртібі», «Еңбек дауларының алдын алу», «Медиацияның ролі», «Сот тәжірибесінің өзекті мәселелері» және «Денсаулық сақтау қызметкерлерін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру» тақырыптарында оқыту семинарын өткізіп отыр.

Семинарда аталған тақырыптар төңірегінде Республикалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институты Атырау филиалының бас сарапшысы Нұргүл Медеубаева, салалық кәсіподақтың заңгері Құрманай Құбашева, «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы» ҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы, құқық магистрі, заңгер Салтанат Рахимова, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының маманы Жадыра Тасқалиева, «Виктория» АҚ сақтандыру қоры Атырау филиалының басшысы Жанна Меңдіхан сөйлеп, қатысушыларды толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді. Еңбек ұжымдарында кездесетін кейбір мәселерлерді оңтайлы шешудің жолдарын айқындап, пайдалы кеңестер берілген басқосуға қатысушылар да риза болды. Семинарды филиал төрағасы М.Кашкенова қорытындылады.