Аймақтың денсаулық сақтау саласы ауыр қазаға ұшырады. Өзінің бар саналы ғұмырын халықтың аман-саулығына арнаған әріптесіміз, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», облыстық фтизиопульмонология орталығы» директорының экономикалық және әкімшілік-шаруашылықты қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Жаңабай Сағиев 64 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Жаңабай Нұғымашұлы 1961 жылдың 7 тамызында Қызылқоға ауданының Миялы ауылында дүниеге келді. Орта мектепті аяқтаған соң 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына түсіп, дәрігер-гигиенист, эпидемиолог мамандығын алып шықты. Өзінің еңбек жолын 1984 жылы Қызылқоға аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасында дәрігер-эпидемиолог болып бастап, кейін обаға қарсы стансасында жұмыс істеді.
Ж.Сағиевтың кейінгі жиырма жылға жуық өмірі Қызылқоға аудандық орталық ауруханасы дәрігерінің бірінші орынбасары, туберкулезге қарсы күрес, Мақат аудандық ауруханаларының бас дәрігері, денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, осы ауданда бас мемлекеттік санитарлық дәрігер-басшы, ауданы әкімінің орынбасары лауазымдық қызметтерімен жалғасты. Ал 2011-2024 жылдар аралығында ол облыстық тубюеркулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері, облыстық ойлау қабілеті бұзылған балалар үйі-интернатының, Дамбы дәрігерлік отбасылық амбулаториясының, облыстық ЖИТС-ке қарсы орталығының, Атырау жоғары медициналық колледжінің, облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры лауазымдарын атқарды.
Жаңабай Нұғымашұлы өзіне жүктелген міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарап, тиянақты жұмысын көрсете білді. Аудан, облыс деңгейінде бірнеше рет еңбегі бағаланып, салалық министрліктің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне үлес қосқаны үшін» төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жан жары Марал екеуі бес қыз тәрбиелеп өсіріп, жоғары білімдерін алды.
Жаңабай Нұғымашұлының дүниеден озуына байланысты «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы атынан ағайын-туыстарына, бауырларына, әріптестерімізге қайғырып көңіл айтамыз.
Жатқан жері жәннатта, топырағы торқа болып, иман баййлығын бергей!
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы