«SENIM» кәсіподағы құрамына қайта кірді.

Жақында №3 Атырау қалалық емханада бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен жалпы жиналыс өтті. Алқалы жиынның шешімімен бұрын «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы құрамында болған №3 Атырау қалалық емханада бастауыш кәсіподақ ұйымы аталмыш филиал құрамына қайта оралатындықтарын мәлімдеді. Сөйтіп аймақтағы денсаулық сақтау мекемелерінің құрамындағы 40 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіретін облыстық филиалдағы мүшелерінің қатары 12415 адамға жетті.

«SENIM» кәсіподағына сенім білдірген емхана ұжымы жалпы тәжірибелік дәрігер, ортаның белсенді азаматы Нұркен Саматовты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалығына бірауыздан сайлады. Жиында бастауыш кәсіподақ ұйымының жаңа құрамы сайланып, алда тұрған міндеттері мен жоспарлары сөз болды, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.