Қалың қалай, бастауыш ұйым? ЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Жақында Атырау қалалық №4 емханасында бастауыш кәсіподақ ұйымының есеп беру жиналысы өтіп, онда әріптестері алдында ұйым жетекшісі Жұлдыз Баймұратова жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. 360 кәсіподақ мүшесі бар бастауыш ұйымда емхана қызметкерлерінің әлеуметтік, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде біраз істер атқарылған.

Жұмыс беруші ретінде емхана басшылығы да Ұжымдық шарт талаптарының орындалуына баса көңіл бөледі. Жиналысқа қатысып, сөз алған бас дәрігер Еркін Сабыров және басқа да сөйлеушілер де еңбек қатынастарын реттеу, еңбек тәртібін сақтау, әлеуметтік мәселелерді шешу жөнінде орынды ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиналыста «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық  бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова сөйлеп, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі және Ұлттық денсаулық сақтау палатасы арасындағы 2023 жылдың 30 қаңтарындағы 2023 — 2025 жылдарға арналған Салалық келісімде көрсетілетін әлеуметтік қолдау көмектері, еңбек қатынастары туралы заңдылыққа сай бірінші кезекте кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетіндігін, еңбекақының бір бөлігі болып табылатын кәсіби біліктілік санаттары бойынша 2015 жылдан кейін тоқтап қалған қызметкерлерге төленуге тиісті төлемақы жалғасатындығын жеткізді. Ол бастауыш ұйымның жылдық есебіне өзінің оң бағасын берді.