«SENІМ» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалы қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Кәсіподақ күші – бірлікте» атты мерекелік шара ҚР Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Жиынға шақырылған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, сала ардагерлері мен көшбасшылары, әлеуметтік әріптестерді облыстық филиал төрағасы Майра Кашкенова құттықтап, игі тілегін жолдады.
Ол Ұжымдық шарт арқылы еңбек қатынастарын реттеу, азаматтардың лайықты еңбек етуіне жағдайлар туғызу – еліміздегі әлеуметтік жаңғырту саясатының негізі. Соңғы жылдары медициналық мекемелер мен емдеу-сауықтыру орындары қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда, еңбекақы, сауықтыру жәрдемақысы, қосымша ақылардың төленуіне күш салып, маңызды мәселелерді үшжақты комиссия отырыстарына талқылауға ұсынып, оң нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан салалық кәсіподақтың қоғамдағы орны мен рөлі артып келе жатқандығын атап өтті.
Шарада облыстық аурухананың ақылы терапия бөлімшесінің аға мейірбикесі Айгүл Сүндетова, Атырау жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Бакдурди Кабулов, Исатай аудандық ауруханасының төтенше жағдайға жауапты дәрігер Жұмабек Қабделов, Жылыой аудандық орталық ауруханасының дәрігер нарколог,психиатры Зарифа Мусина, облыстық онкология диспансерінің бас мейірбикесі Бақтылы Мұхамбеталиева, Қызылқоға аудандық ауруханасы директорының ана мен бала жөніндегі орынбасары Светлана Сақтағановалар «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар бірқатар орта және төменгі буын қызметкерлері қоғамдық бірлестіктің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.
№7 Атырау қалалық емхана директоры, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Гүлнафис Таңбаева, денсаулық сақтау саласының ардагерлері Түркбенбай Нұржігітов, Нұрғабыл Айтмұхамбетов, облыстық аурухананың директоры Ербол Иманғалиев және басқалар құттықтады.
Атырау облыстық филиалы биыл көктемде жарияланған аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистер арасындағы «Менің сүйікті мамандығым!» атты шығармашылық байқау қорытындысымен анықталған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйлықтар мен дипломдарын табыстады.
Бұл байқаудың мақсаты – медицина мамандығының қоғамдағы рөлі мен беделін арттыру, олардың жұмысының күрделілігін, заманауи медициналық қызметтің өзекті мәселелері мен ақ халатты абзал жандардың абыройлы істерін көпшілікке жеткізіп, насихаттаудағы журналистердің шығармашылық әлеуетін ашу және ынталандыру болатын.
Атырау облыстық филиалынан құрылған комиссия шешімімен байқаудың бас жүлдесіне «Прикаспийская коммуна» газетінің шолушысы Марина Қуанышеваны лайықты деп танылды. Оған Алматының «Көктем» шипажайына жолдама берілді.
Комиссия шешімімен шығармашылық байқау шарттары мен талаптары толық орындалмағандықтан бірінші жүлде ешкімге берілмеді.
Екінші жүлденің 75 000 теңгенің қаржылай сертификаты мен дипломы «Каспиан ньюс» телеарнасының редакторы Орынгүл Бектілеуоваға табысталды. Ал, Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова үшінші жүлдеге тиесілі 50 000 теңгенің қаржылай сертификаты мен дипломына ие болды.
Мерекелік шара қонақтарына Атырау жоғары медициналық колледжінің студенттері әсем әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерін, мың бұралған билерін тарту етті.