ҚОШ БОЛ КҮЛАШ ҚҰБАЙДОЛЛАҚЫЗЫ…

Қаражанова Күләш Құбайдоллақызы, 1960 жылы 24 шілдеде Гурьев облысы, Индер ауданы, Индербор поселкесіне дүниеге келген.. 1967 жылы поселктегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебіне барып, 1977 жылы мектепті ойдағыдай тәмәмдап, Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының емдеу ісі факультетіне түсіп, 1983 жылы институтты акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітіріп, облыстық ауруханадан интернатура өтіп, Индер аудандық орталық ауруханасына дәрігер акушер-гинеколог маманы бойынша жолданып, еңбек жолын Кулагино учаскелік ауруханасынан бастап, 1984-1985 жылдары осы ауруханада акушер-гинеколог, 1985-1987 жылдары аудандық ауруханада дәрігер акушер-гинеколог, 1988 жылдан бастап дерматовенеролог мамандығы бойынша қызмет атқарған. I біліктілік санатты дәрігер маман. 1985 жылдан аудандық аурухананың кәсіподақ комитетінің мүшесі, 2000 жылдан ұжым қызметкерлерінің сенім артуына байланысты аудандық медицина қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы міндетін қоғамдық негізде атқарып келді. Аурухана әкімшілігінің сенім артуымен 2006 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін аудандық аурухана бас дәрігерінің емхана жөніндегі орынбасары міндетін атқарды.

Еңбекқор, жаңашыл, іздемпаз Қүляш Құбайдоллақызы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігімен, облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен берілген тапсырмаларды, қойылған міндеттерді бұлжытпай орындап,аудан тұрғындарына алғашқы санитарлық медициналық көмек көрсету жұмысын жаңаша ұйымдастыруда аянбай еңбек етіп,бір тұрғынға шаққандағы жалпы практикалық тәжірибенің енгізілуіне, аудан медицинасының электрондық информациялық жүйеге көшуіне, аудан тұрғындарын емханаға бекіту, қабылдауға алдын ала жазылу,тұрғындардың « Электрондық паспортын» жасақтау, медицина қызметкерлеріне ынталандыру еңбекақы төлеу, тұрғындарды скринингілік байқаудан өткізуді ұйымдастыруда өз қолтаңбасын қалдырған ұйымдастырушы. Диспансерлік есептегі науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге барлық күш-жігерін жұмсап, дәріге мұқтаж жандардың алғысына ие болған жан.

Атқарылған еңбегі еленіп, 2002 жылы аудан әкімінің Құрмет Грамотасымен, бірнеше мәрте Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хатымен», облыстық кәсіподақ комитетінің 2010 жылы «Денсаулық сақтау саласындағы табысты еңбегі үшін» кәсіби мерекеге орай «Алғыс хатпен», 2009 жылы ҚР денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» төс белгісімен марапатталған.

2019 жылдан «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі иегері.

Тұрмыс құрған. Жолдасы Ермұқан Алтыбай ағаймен үш қыз тәрбиелеп, тұңғышы Алтыбаева Ақбөбек «Қазақтелеком» АҚ-да қызмет атқарса, екінші қызы Алтыбай Ақмарал Атырау мұнай өндеу зауытында маман болып қызмет атқарады.Үшінші қызы Намаз Гауһар анасының жолын қуып,Астана медицина университетін бітіріп, Индер ауданық ауруханасында жалпы тәжірибелі дәрігер міндетін атқарып, анасының жолын жалғастыруда.