СЕНІМ БИІГІНДЕГІ «SENІМ»

«SENІМ» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, биылғы жылға алға қойған міндеттерді талқылауға арналған жиын өткізді. Оған облыстағы емдеу-сауықтыру мекемелерінің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова Әлеуметтік әріптестік жылында салалық кәсіподақтың ұйытқы болуымен атқарылған іс-шаралар қатысушыларға ЛЭД экран арқылы көрнекі баяндалды.

Филиал төрағасы да, әріптестері де денсаулық сақтау саласы жұмыскерлерінің еңбек құқықтарын қорғаудың басты бағыттары, атап айтқанда, жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру, салалық келісімдер және ұжымдық шарттар, еңбек шартын, оның ішінде көрсетілген тараптардың орындалуы, еңбек тәртібі мен еңбек қауіпсіздігін қорғауда, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеруде, еңбек дауларының дұрыс шешілуін қамтамасыз етуде салалық кәсіподақ рөлінің ерекше екендігін тілге тиек етіп, бұл бағытта біраз жұмыстардың жасалғандығын атап өтті.

Жиынға Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайсар, Қайратұлы, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев қатысып, сөз сөйледі. Төраға Ұжымдық шартта көрсетілген жұмыс уақытының дұрыс сақталуы, еңбек ақы төлеу заңдылықтарының орындалуы да кәсіподақтың тікелей бақылауында екендігіне, сол ұжымдық шарт арқылы еңбек адамының еңбек ету құқығы реттелетіндігіне, яғни, кәсіподақ олардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарының бұзылмауына, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына заң аясында араласатындығына тоқталды. Сонымен қатар, кәсіподақтар бастамасымен жылма-жылғы инфляцияға байланысты қызметкерлердің еңбекақысын индексациялау мәселесінің енді Парламент қабырғасында арнайы заңмен реттелетіндігін жеткізді.

Халықаралық әйелдер күні мерекесімен тұстас келген басқосуда денсаулық сақтау саласының кәсіподақтың көшбасшылығында жүрген қыз-келіншектеріне гүл шоқтары мен арнайы сертификаттар табысталды.