Жедел-жәрдем қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың қатаң айыпталуы тиіс

Әлеуметтік желіде жедел жәрдем жүргізушісін әлдекім соққыға жыққан сәтінен түсірілген бейнекөрініс барша халықтың жағасын ұстатты. Қарағандыда болған осы жайсыз оқиғадан кейін еліміздің денсаулық сақтау министрі жәбірленушінің денсаулығына зақым келгенін мәлімдеп, жедел-жәрдем қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың қатаң айыпталуы тиіс екендігін де айтқан-ды.

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсеновтің жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына, Денсаулық сақтау министріне арнаған үндеуінде айтылған ұсыныс-пікірлер өте орынды және оларды барша медициналық қауымдастық толықтай қолдайды деп ойлаймын. Біз соңғы кезде әр өңірдегі денсаулық сақшыларына көрсетіліп жатқан осындай зорлық-зомбылықтар мен өмірлеріне жасалған қастандық әрекеттерді айыптаймыз. Еліміздің заң шығарушы органына сайланған депутаттар, осындай заңға қайшы әрекеттерге тосқауыл қоятын тетіктерді қатайтуды көздейтін заң қабылдауды талап етеміз. Денсаулық күзетінде жүрген әріптестеріміздің Конституцялық құқықтары ешқашан да бұзылмауы тиіс.

Медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелерін шешу, келісім шарт талаптарының орындалуына мүдделілік танытушы қоғамдық ұйым ретінде салалық кәсіподақтар да бұл өзекті мәселені күнделікті назарынан тыс қалдырмайтын болады.

Майра КАШКЕНОВА,

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Атырау облыстық филиалының төрағасы