Жаңа заң

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, бүгінде еліміздің медицина қызметкерлері көптен күткен жағымды жаңалықтан құлағдар болып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салалыық министрлік медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру бойынша заң жобасын әзірлеген еді. Аталған заңның нормаларында еліміздің медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі, құқықтары мен міндеттері және олардың адамдар денсаулығын сақтаудағы жауапкершілігі толық қамтылған екен.

Жаңа заңға ұсынылған түзетулер кәсіби қауіптерді азайтуға, медицина қызметкерінің практикалық қызметке деген сенімін арттыруға бағытталған, дәрігерге шешім қабылдауға және пациенттің өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға мүмкіндік береді, өйткені денсаулық сақтау мамандарының клиникалық жұмысы қоғамдық пайдалы қауіппен байланысты.

Сондай-ақ, заң жобасында медициналық кәсіптің мәртебесін көтеруге және заңды қаржылық қорғауға бағытталған бірқатар түзетулердің барлығы да қуантты. Шынын айту керек, бүгінде Атырау облысының аудандарындағы елді мекендерде дәрігерлер жетіспейді. Оларға кейде әлеуметтік көмектер де көрсетілмей жатады. Жоғары білімді кадрлердің ауылдан қалаға кетуіне де тура келеді. Енді осыған сәйкес, ауылға жұмысқа келетін медицина қызметкерлеріне бір мезгілде 100 еселенген ең төменгі жалақы алуына мүмкіндік беріледі. 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлеммен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы белгіленеді, және жыл сайын «Мамандығы бойынша үздік» республикалық конкурсы өткізіліп, оның жеңімпаздары 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақымен марапатталатындығы шалғай аудандардағы қалыптасқан жағдайды түзетуге септігі тиер деген үміттеміз.

Салалық кәсіподақтың жетекшісі ретінде денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек қауіпсіздігін нығайту, түрлі дау-дамайлардың алдын алуға әсер ететін факторлар – барлық медицина қызметкерлерінің балалары балабақшаларға қабылдануға басым құқыққа ие болуы, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан не мүгедектік алған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орнына конкурстан тыс қабылдау, әріптестерімізге медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеру немесе әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру құқығы берілуі десек артық болмас.

Өмірге келген жаңа заң жобасын дайындауға бар білім-біліктерін, кәсіби тәжірибелері мен күш-жігерлерін жұмсаған Мәжіліс депутаттарына, заңгерлерге, дәрігерлер мен қоғам қайраткерлеріне, кәсіподақ белсенділеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Майра КАШКЕНОВА

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ

Атырау облыстық филиалының төрағасы