ЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІ МАҚҰЛДАНДЫ

Кеше Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында «SENІM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының өткен жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысы мен 2024 жылға алға қойған міндеттерді талқылауға арналған есеп беру жиыны өтті. Оған аймақтың емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, кәсіподақ белсенділері қатысты.

Облыстық филиал төрағасы Майра Кашкенованың есепті баяндамасында атап көрсетілгендей, филиал сала қызметкерлерінің еңбек қатынастары, оның ішінде еңбекті нормалау және ұйымдастыру, тиесілі еңбек ақыны уақтылы алу, еңбекті қорғау мен қауіпсіздігін сақтау мәселелерін көтеріп қолға алды.

Денсаулық сақтау министрлігі, «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» және салалық кәсіподақ арасында 2023-2025 жылдарға арналған салалық келісім шарттар жасақталды. Сол келісім шартта көрсетілген сала қызметкерлері үшін қолдаулар мен қорғаулар негізінде барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарында қолдау тапқан. Соның негізінде ұжымдық шарттар жасақталып, жекелеген медициналық мекемелерде бұл маңызды құжатқа толықтырулар мен өзгерістер енгізілген.

Облыстық филиал жұмыс берушілердің тарапынан орын алған кемшіліктер мен негізсіз бұйрықтардың шығуымен жұмыстан босаған қызметкерлерді жұмысқа қайта қосу немесе еңбек ақылары мен ақылы еңбек демалысына қоса төленетін сауықтыру жәрдемақының дұрыс төленуі бойынша былтыр негізді деп танылған 25 арыз-шағым түсіп, 95 % медицина қызметкерлерінің пайдасына шешілген. Сонымен қатар, 18 қызметкердің еңбекақысының, тоқтап қалған біліктілік санаттарына төленетін қаржының дұрыс төленуі жүзеге асырылды.

Салалық кәсіподақтың Жарғысында бекітілген басты мәселе – қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары. Қызметкерлердің денсаулығын сақтап, нығайту мақсатында өткен жылы Түркістан облысының Сарыағаш қаласындағы «Саруар Хелс», «Айсары» шипажайларымен жасақталған келісімге сай 130 қызметкер өз денсаулықтарын түзеп қайтты. Осы бағыттағы жұмыстарға облыстык филиал есебінен 5,6 млн.теңге жұмсалды. салалық кәсіподақ ұзақ жыл қызмет еткен 6 ардагерге тегін жолдама бөлді.

Филиал төрағасы әріптестері алдында атқарылған жұмыстар есебін көрнекі слайд арқылы жеткізді.

«Кәсіподақтар федерациясы биылғы жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялады. Осы бағытта салалық деңгейде «Өндірістік жарақаттардың алдын алудың бірыңғай күні» іс шаралары, өндірістік жарақаттардың алдын алу және еңбек қауіпсіздігі стандарттарын сақтау мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, семинарлар, кездесулер, алаңнан тыс қабылдаулар, онлайн кездесулер ұйымдастырау қажет.

Сондай-ақ, әлеуметтік еңбек даулары саласында жұмыс берушілер және жұмыскерлермен бірлескен оқытуды ұйымдастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, «Еңбек консультациялары», «Жалпыға бірдеу құқықтық білім беру» акцияларын өткізу, әлеуметтік еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешуде кәсіподақ ұйымдарының қызметін БАҚ және әлеуметтік желілерде жүйелі түрде жариялау, кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау, азаматтарға кеңес беру, оқыту, еңбек дауларын сотқа дейін шешу, әйелдердің лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жұмыс орнындағы теңдік, кемсітушіліктің барлық нысандарын жою, жастар кеңестері арқылы жастарды кәсіподақтардың жұмысына белсенді тарту жұмыстары жүргізілетін болады» деп қорытты өз есебін филиал төрағасы Майра Кашкенова.

Жиынға қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарына нақты жауап алды, ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жылдық есепті мақұлдады. Халықаралық әйелдері күні мерекесі қарсаңында өткен алқалы жиында белсенді кәсіподақ жетекшілеріне филиал төрағасы гүл шоқтары мен құттықтау хатын табыс етті.