Ахметғалиев Бауыржан Ғаниұлы қайтыс болуына байланысты көңіл айтамыз

Күні кеше ғана ортамызда жүрген ақжарқын азамат, аймақтың денсаулық сақтау саласына зор үлес қосып, кәсіби білім-білігімен көпшілік құрметіне бөлеген әріптесіміз, танымал дәрігер-хирург Ахметғалиев Бауыржан Ғаниұлы 53 жасқа қараған шағында кенеттен дүниеден озды. «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы атынан асыл азаматтың қайтыс болуына байланысты отбасына, ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.

Талай жанды ажал тырнағынан арашалап, халықтың ақ алғысын арқалаған, асқақ абырой мен биік бедел жинаған әріптесіміз Бауыржан Ғаниұлы 1970 жылдың 17 наурызда Ақтөбе облысы, Мартөк ауылында дүниеге келді. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін 1996 жылы аяқтаған соң өзінің дәрігерлік еңбек жолын облыстық ауруханада дәрігер хирург болып бастады. Тәжірибелі ағаларының ақыл-кеңесімен, медицинадағы ғылыми жаңалықтарды санасына сіңіруі мен ізденістерінің арқасында хирургия саласында көптеген күрделі оталарды шебер меңгерді, талай науқастардың алғысына бөленді. Ол 2005-2018 жылдары аралығында іріңді хирургия бөлімшесінің, кейін №1 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет етті.

Бауыржан Ғаниұлы 2018 жылдан өмірінің соңына дейін облыстық аурухана директорының хирургия жұмысы жөніндегі орынбасары болып абыройлы қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, бірнеше мақтау-марапаттарға ие болды.

Бауыржан Ғаниұлының ел мүддесі жолында жасаған игі істері мен өнегелі ғұмыры артында қалған ұрпағына ұлағат болсын! Жатқан жері жайлы, иманы саламат болғай!

Майра КАШКЕНОВА, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы