«B.B.NURA» ЖШС гемодиализдік орталық

«B.B.NURA» ЖШС гемодиализдік орталығында бағдарламалық гемодиализ әдісі арқылы ем алушы науқас Қайрат Есбергенов негізінен халық тіркелімі бойынша Алматы қаласында тіркелген. Бірақ бұл азаматтың өзі Атыраудың тумасы, осында отбасы, ағайындары тұрады. Бізге белгілі болғандай, осы пациенттің қатысымен осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласында да дәл осындай жағдай орын алған екен.

Науқастың 2023 жылдың 23 желтоқсанында Атыраудағы гемодиализдік орталыққа келіп, емдеуші дәрігерге кәсіби міндетін орындау кезінде оған дөрекі мінез көрсету, медициналық қызметкерлерге қатысты физикалық күш қолдану және оларды қорқытып-үркіту, анайы сөздер айтып, боқтап-балағаттау фактілері орын алған.

Айта кету керек, науқастың геодиализ емін алып жүрген «B.B.NURA» ЖШС-нің гемодиализ орталығы жекеменшік емдеу мекемесі болып табылады. Аталған орталық облыстық аурухананың гемодиализ аппараттары тұрған бөлмелерді жалға алған. Мұнда жұмыс жасайтын дәрігерлердің бәрі осы «B.B.NURA» штатындағы мамандар. Осындағы дәрігер-нефролог Рахметов Бауыржан облыстық ауруханада да қосымша жарты күн жұмыс жасайды.

«B.B.NURA» ЖШС-нің бас кеңесі Астана қаласында орналасқан. «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы төрағасы ретінде мен әріптесіміз Бауыржан Рахметовтен өз тарапымыздан қандай көмек керектігін сұрадым. Б.Рахметовтың айтуынша, «B.B.NURA» ЖШС әкімшілігі орын алған жағдайға байланысты дәрігерлерді ұрып-соғып, бақтап-балағантаған азаматтың әрекетіне байланысты құқығын қорғау органдарына шағым түсірген және әлгі азаматты жауапкершілікке тарту, дәрігерлердің құқығын қорғау мақсатында адвокат жалдап, мәселенінің ақ-қарасын өздері шешетін көрінеді. Тағы бір ескеретін жағдай, ем алушы науқас Қайрат Есбергеновтың тарапынан тиісті ем-домын уақытында алу режимі де жиі бұзылып келген.

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы тарапынан адам денсаулығын сақтауда қызмет етіп жүрген әріптестеріміздің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға, оларға қандайда болсын қолдау көрсетуге біз әркез дайынбыз.

Майра КАШКЕНОВА

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы»РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы