ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫНА ҚҰРМЕТ

Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында «SENІМ» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Медицина қызметкерлері күніне арналған мерекелік салтанат болды. Оған облыстағы емдеу-сауықтыру мекемелерінің басшылары және медицина қызметкерлері, сала ардагерлері мен кәсіподақ белсенділері шақырылды.

​Мемлекеттік Гимнді шырқаумен басталған шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуова абзал жандарды мерекелерімен құттықтады. Ол азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі мен адал еңбегі үшін әріптестерінің бір тобына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Марапат иелерінің қатарында №5 Атырау қалалық емханасының дәрігер-травматологы Айбар Қадырбеков, №4 қалалық емхананың акушеркасы Алмагүл Закиева, облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің кіші буын қызметкері Балыш Адракова, Жылыой аудандық ауруханасының мейіргері Дәмелхан Қарасаева, Махамбет аудандық ауруханасы Сарайшық дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Айкүміс Қалиева, «Теңізшевройл» ЖШС-нің лаборанты Дина Өтепова және басқалар бар.

​Сонымен қатар, осынау қиын да қызықты қызметте өз білімдері мен біліктіліктерін аянбай жұмсап жүрген бір топ медицина қызметкері облыстық маслихатының, қала әкімінің, қалалық мәслихаттың және Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты шарада облыстық филиал төрағасы Майра Кашкенова бірқатар кәсіподақтар қозғалысының белсенділері мен көшбасшыларына «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамоталарын табыс етті.

Жиында кәсіби мерекеге орай «Салауатты өмір салты –жарқын болашақ» атты ұранмен ұйымдастырылған дәстүрлі спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жекелеген үздік ойыншылар да кәсіподақтың марапаттарына, ақшалай сыйлықтарына ие болды.

Кәсіби мереке иелеріне өнерпаздар ән-күйден шашу шашты.