МЕЙІРБИКЕЛЕРГЕ – ЛАЙЫҚТЫ МАРАПАТ

Бүгін – Халықаралық мейірбикелер күні. Мейірбикелер – денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің ең басым санатын құрайды. Дәл осы мамандық иелері сырқаттанған жандарды күтеді, дәрігерге дейінгі көмек береді, операция кезінде де көмек көрсетеді және құжаттарды жүргізеді.

Атаулы орай кеше Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптің одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті.
Облыстың емдеу мекемелерінде абыройлы еңбек етіп жүрген бір топ озат мейірбикелер, кәсіподақ белсенділері мен бастауыш ұйым жетекшілері қатысқан шара қонақтарын «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова төл мерекемен құттықтады.

Филиал төрағасы республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздігі» төсбелгісімен Қызылқоға, Махамбет аудандық ауруханаларының мейірбикелері Маржан Ерғалиева мен Салиха Хасанованы марапаттады. Ал, Атырау қалалық №1 емхананың рентген лаборанты Базар Ильясовға, Дамбы дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Нұржамал Оразалинаға, Геолог емханасының мейірбикесі Майра Досқалиеваға, облыстық онкологиялық диспансердің мейірбикесі Айжан Мақуоваға, №5 қалалық емхананың мейірбикесі Алтын Тағаниязоваға «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасын, сондай-ақ, бес мейірбикеге бірлестіктің Алғыс хатын табыс етті.

Бұлардан басқа озаттардың бірқатары Атырау облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды.

«Әрбір медицина қызметкері үшін ең үздік марапат – емделушілердің алғысы деп санаймын. Сондықтан мейірбикелерге олардың ықыластығы мен қайсарлығы үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және жауапты жұмыстарыңызға толымды табыстар тілеймін!» деді салтанатты шараны қорытындылаған филиал төрағасы Майра Тұрланқызы.