Талғар аудандық ауруханасында кезекші медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық әрекеттері орын алғандығы

Күні кеше ғана Талғар ауданының орталық аудандық ауруханасында кезекші медицина қызметкерлеріне қарсы жол беруге болмайтын зорлық-зомбылық әрекеттері орын алғандығы және соның нәтижесінде науқастың агрессивті туыстарының шабуылынан біздің әріптестеріміз, реаниматолог дәрігер мен орта буын медқызметкері ауыр жарақат алғандығы туралы жаға ұстатарлық жайсыз хабарды естідік.

Күн-түн демей, адам жаны үшін арпалысып жүретін медицина қызметкерлерінің осыншама ауыр соққыға жығылуы — ерекше назар аударатын жағдай. Бұл оқиғаға біздер, Атыраулық денсаулық сақшылары да үлкен алаңдаушылық білдіріп отырмыз.

Осындай қоғамға жат заңсыз әрекеттерге құқық қорғау органдары тиісті құқықтық бағасын беріп, ақ халатты абзал жандарға шабуыл жасағандарды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң аясында қатаң жазалауы тиіс деп санаймыз.

Шынында да дәрігерлерге қарсы мұндай тағылық, жыртқыштық, опасыз шабуылдар жасау, науқастарға медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қызметіне араласуға мүлдем жол берілмейді және адамгершілікке жатпайды.

Осыған орай, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы мен бастауыш ұйымдары, емдеу-сауықтыру мекемелерінің ұжымдары сияқты медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын алу жөніндегі заңнамалық нормаларды қатайтуды талап етеміз. Науқастар мен дәрігерлердің қауіпсіздігі және науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау денсаулық сақтау жүйесінде әрқашан бірінші орында болуға тиіс.

Біз Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметкерлерді құқықтық қорғауды, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мәртебесін күшейту, оның ішінде медициналық қызметкерлерге қызметтік міндеттерін орындау кезінде зорлық-зомбылық көрсеткен жағдайда қылмыстық жауапкершілікті арттыру жөнінде көтерген бастамасын біркісідей қолдаймыз.

Ал, осындай аюандық әрекетке барған адамдардың қатаң жазалануын құзырлы құқық қорғау органдары тарапынан дұрыс шешемін табатынына сенім білдіріп,талап етеміз.

Т/б: Кашкенов_Майра_Тұрланқызы