КӘСІПОДАҚ ҮЗДІКТЕРІ МЕН АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Кеше Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармонияның залында Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары күні мерекесіне орай салтанатты жиын болды. Оған кәсіподақтар қозғалысының ардагерлері, салалық кәсіподақтардың жетекшілері мен белсенділері, әлеуметтік әріптестер – мекемелер мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Сахна шымылдығы мерекелік шара қонақтарына Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің өткен тарихынан және бүгінгі тынысынан кең мағлұмат беретін деректі бейнекөрсетілімді ұсынумен ашылды.
Жиналғандарды аймақ басшысы атынан облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев құттықтау тілегін жолдап, бірқатар кәсіподақ белсенділеріне облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.«Мейірімді жүрек» медалімен № 1 қалалық емханасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айқияш Шунаева марапатталды.

Сала ардагерлері мен әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтаған Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев кәсіподақтар қозғалысының көшбасшылары мен сала озаттарына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері», «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек озаты», «Еңбек Даңқы» медальдарын және «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісін табыс етті.

Жиынға қатысқан «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Абдолла Идрисов үздіктердің бір тобына облыстық маслихатының Алғыс хаттарын табыстады.
Кәсіби мереке иелері облыстық филармонияның өнер шеберлерінің орындауындағы концерттік бағдарламаны тамашалады.