МЕРЕКЕЛІК ШАРАНЫҢ МАРАПАТТАРЫ

Кеше облыстық аурухананың мәжіліс залында Тәуелсіз еліміздің үлық мейрамы – Республика күніне арналған салтанатты жиын болды. «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» Атырау филиалының ұйымдастыруымен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өткен бұл мерекелік шараға аймақтағы емдеу-сауықтыру мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, белсенділері мен сала ардагерлері және әлеуметтік әріптестер қатысты.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің шырқалуымен ашылды.

Шараға қатысушы адам жанының арашасысы, ақ халатты абзал мамандық иелерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев құттықтап, сала ардагерлері мен үздіктерінің бір тобына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, сондай-ақ, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері мен Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарын табыстады.

Марапатқа ие болып, құшақтарын гүлмен толтырғандар қатарында Индер аудандық ауруханасының дәрігер психиатр наркологы Мұрат Орақов, Махамбет аудандық ауруханасының терапевт дәрігері Рая Аңқылдақова, медицина саласының зейнеткері Ақжұма Жаңбырова, №1 Атырау қалалық емханасының дәрігер хирургі Марат Жолмағамбетов, №7 қалалық емхананың физиотерапия дәрігері Әлия Ерғожиева, Қызылқоға ауданындағы Қоныстану дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірбиелік дәрігері Жаңагүл Қожахметова, облыстық балалар ауруханасы ультрадыбыстық зерттеу дәрігері Зияда Әбілхасанова, облыстық онкология диспансері хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мақсат Шамшенов, №1 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Роза Нәсіпқалиева, Геолог емханасының невропатолог дәрігері Сахибай Хожаметов, кардиологиялық орталықтың дәрігері Ерлан Мәдешов, облыстық ауруханасы жансақтау бөлімшесінің мейіргері Мейрамгүл Буденова, Индер аудандық ауруханасы жансақтау бөлімінің мейіргері Нұргүл Құспанғалиева және басқалар бар.

Шара барысында әріптестеріне игі тілегін білдірген «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері салалық кәсіподағының Атырау филиалы төрағасы Майра Кашкенова медицина саласындағы ұзақ жылғы жемісті де абыройлы еңбегі және қоғамдық жұмыстардағы белсенділіктері үшін сала ардагерлері – Жамал Сапиеваға облыстық ардагерлер кеңесінің «Мейірімді жүрек» төсбелгісін, Мұрат Құсайыновқа «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Үздігі» төсбелгісін табыстады. Мерекелік кешті саланың өнерлі жастары әуезді әсем әндерімен жалғастырып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.