«Әнім саған арналады-Қазақстан» – атты көркемөнерпаздар байқауы.

4 желтоқсанда Атырау қаласының Жұмыскер мәдениет үйінде «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері салалық кәсіподағының Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Әнім саған арналады, Қазақстан» атты денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің облыстық көркемөнерпаздар байқауы өтті. Оған қала мен аудандардың отыз бір медициналық мекемесінен өнерпаздар қатысып, бақтарын сынады. Байқау үш жанрдан – эстрадалық ән, дәстүрлі ән және күй жанры бойынша өтті.

Қазақ ежелден-ақ «Өнерліге өрісі кең» деп, еңбекқор жанды бағалап, өнерін ұлықтап, шығармашылық жұмысы сарқылмасын деп ерекше құрметтеген. Ұлттық мәдениет пен өнер – халықтың рухани тірегі. Денсаулық сақшылары арасындағы мұндай өнер байқауы облыс көмемінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

«Дәрігер қауымы қазір бүкіл жер жаҺанды жайлаған падемияға қарсы күресте тынымсыз еңбек етіп, өмір мен өлім аузында жатқан сырқаттарды аман алып қалу үшін Гиппократ антына адалдықтарын танытып келеді. Міне, қазіргідей қиын жағдайда ақ халаттылардың рухын көтеріп, бір сәт олардың бойындағы талантына тәнті болайық деген оймен өнер байқауын ұйымдастыруға мұрындық болған салалық кәсіподақтың бұл бастамасын қолдап, шынайы ризашылығымды білдіремін және сәттіліктер тілеймін» деді байқау шымылдығын ашқан Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов.

Сайысқа қатысушылардың біразы қазақ композиторларының Отан, туған жер, Қазақстан, Тәуелсіздік туралы рухты әндерін, Құрманғазы, Махамбет, Есбай, Тілендиев пен Желдібаевтың күйлерін нақышына келтіре орындап, қазылар алқасының көңілінен шықты. Адам жаны үшін қашан да араша түсуге дайын тұратын медицина қызметкерлерінің өнерден де құралақан еместігін талантты жандардың сахнада шырқаған әуезді әсем әндері мен домбырадан күмбірлей төгілген күйлерінің орындалу шеберлігінен де аңғардық.

Байқауға төрелік еткен республикаға танымал композитор Болат Қоқаманов, күйші Құттыгерей Дүйсеев, «Мәдениет саласының үздігі» Манарбек Даулетов, «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптің одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Гүлнәр Шайхашева үздіктерді анықтап, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облыстық филиалының атынан қаржылай сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстады.

«Эстрадалық ән» жанры бойынша бірінші орынды облыстық аурухананың дәрігер-хирургі Рафхат Қанатов, екінші орынды облыстық перинаталдық орталықтың мейірбикесі Ақсәнім Жұмағазы иеленсе, екі үшінші орын облыстық балалар стоматологиялық емханасының тіс дәрігері Шолпан Өтемісова мен облыстық тері-венерологиялық орталықтың фельдшері Өтеулі Өтегеннің еншісінде кетті.

«Күй» жанрында облыстық балалар ауруханасының мейірбикесі Ерке Болатқызы лайықты деп танылды. Кейінгі орындар №3 қалалық емхананың фельдшері Оразғали Қожбанов пен облыстық аурухананың хирургі Жасұлан Шадьяровқа бұйырды.

«Дәстүрлі ән» жанры бойынша Атырау қалалық мамандандырылған балалар үйі мейірбикесі Гүлайым Төлеген үздік атанды. Ал, Махамбет аудандық орталық ауруханасының көлік жүргізушісі Кенжебай Адыров екінші, жедел-жәрдем стансасының фельдшері Альмира Сайфуллина үшінші орынды иеленді. Олардың әрқайсысы тиісінше 100, 70 және 50 мың теңге көлемінде салалық кәсіподақтың сыйақы сертификаттарына ие болды.

Байқауға қатысушылар арасында «Көркем дауыс», «Өнерлі дәрігер» және «Үздік орындаушы» аталымдары бойынша лайықтылар анықталып, оларға 30 мың теңгеден сыйақы тапсырылды.